«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС
Жаңалықтар

Ғылымдағы әйелдер

Халықаралық ғылымдағы әйелдер күніне орай біз еліміздің аграрлық ғылымының дамуына сүбелі үлес қосып, отандық ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген білікті әйел ғалымдарды ерекше құрметпен атап өтеміз.
Ғылым мен өндірісті ұштастырып, теория мен тәжірибені сабақтастыра білген осындай тұлғалардың бірі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі зерттеуші, білікті ұйымдастырушы Саниязова Ахлима Жақаншақызы.
Сіздің ғылым жолындағы табанды еңбегіңіз бен кәсіби біліктілігіңіз – көпке үлгі. 1989 жылы Капланбек зооветеринарлық техникумы оқу орнын «вет-фельдшер» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін 2001 жылы Қазақ Мемлекеттік Аграрлық Университеті «Ветеринарлық медицина» мамандығын аяқтауыңыз – ғылымға деген адалдық пен табандылықтың айқын дәлелі.
2005 жылдың мамыр айынан бастап Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қабырғасында мал шаруашылығы инновациялық технологиясы бөлімінде аға ғылыми қызметкер ретінде еңбек етіп, бүгінде бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келесіз. Бұл – ұзақ жылдарғы ізденіс пен кәсіби шеберліктің нәтижесі.
«Фермерлік және үй шаруашылықтары жағдайында базар нарығына бейімделген қой шаруашылығының ғылыми және практикалық аспектілері» тақырыбындағы диссертациялық жұмысыңыз отандық мал шаруашылығы ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты. Ғылыми еңбектеріңіздің нәтижесінде 70-тен астам мақала, тәжірибелік ұсыныстар мен авторлық куәліктердің жарық көруі – Сіздің ғылымға қосқан қомақты үлесіңіздің айғағы.
Сіз – ғылым мен тәжірибені ұштастыра білген білікті маман, талапты зерттеуші әрі жас буынға бағыт-бағдар беретін ұстазсыз. Әйел затына тән нәзіктік пен ғылымға тән табандылықты қатар алып жүрген Сіздей тұлғалар – еліміздің мақтанышы.
Сізге зор денсаулық, отбасылық амандық, шығармашылық шабыт және ғылыми жетістіктер тілейміз! Еңбегіңіз еленіп, абыройыңыз асқақтай берсін!