«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС
Жаңалықтар

Өсімдік шаруашылығындағы ресурс үнемдеу технологиялары – тұрақты болашақтың кепілі

07.04.2026 ж.
Қазіргі таңда табиғи ресурстарды тиімді пайдалану ауыл шаруашылығының басты бағыттарының біріне айналды. Өсімдік шаруашылығындағы ресурс үнемдеу технологиялары шығындарды азайтуға, топырақ құнарлылығын сақтауға және қоршаған ортаға зиян келтірмей өнімділікті арттыруға бағытталған.
Бұл технологияларға мыналар жатады:
— топырақты минималды және нөлдік өңдеу (No-till, Mini-till);
— ылғалды тиімді пайдалану және су үнемдеу тәсілдері;
— органикалық және биологиялық тыңайтқыштарды қолдану;
— жергілікті жағдайға бейімделген ауыл шаруашылығы дақылдарын пайдалану;
Аталған шаралар көктемгі дала жұмыстары кезеңінде ерекше маңызға ие. Себебі дәл осы уақытта болашақ өнімнің негізі қаланады. Ресурс үнемдеу технологияларын қолдану топырақтағы ылғалды сақтауға, жерге түсетін жүктемені азайтуға және дақылдардың өсіп-дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар «ОБМӨШҒЗИ» ЖШС базасында белсенді түрде жүзеге асырылуда. Институт мамандары өңірдің топырақ-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, заманауи технологияларды әзірлеп, оларды өндіріске енгізуде. Сонымен қатар, аталған іс-шаралар көктемгі дала жұмыстары аясында кеңінен қолданылуда.
Осылайша, ресурс үнемдеу тәсілдері табиғи ресурстарды сақтауға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлкен үлес қосады.