«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС
Жаңалықтар

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сүтті мал шаруашылығының рөлі

08.04.2026 ж.
Сүтті мал шаруашылығы – агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды салаларының бірі болып табылады және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Сүт және сүт өнімдерін өндіру халықтың дұрыс тамақтануына, денсаулығына және ішкі нарықтың тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Саланы дамыту және оның тиімділігін арттыру мақсатында «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ғалымдары Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы «Шерзод» шаруа қожалығының сүтті-тауарлы фермасында болды. Іс-шараға ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаттары Абдуллаев Қонысбай Шаймұлы, Саниязова Ахлима Жаханжақызы және Калгимбаева Мариям Адилбекқызы қатысты.
Сапар барысында сүтті ірі қара малдың өнімділігін арттыру, азықтық базаны жақсарту, малды күтіп-бағу мен сауу технологияларын жетілдіру, сондай-ақ сүт сапасын жоғарылату мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар, селекциялық-асылдандыру жұмыстары мен табынды тиімді басқару бағыттарына ерекше көңіл бөлінді.
Ғылым мен өндіріс арасындағы тығыз байланыс ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сапалы сүт өнімдерінің көлемін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады.
Осындай іссапарлар тәжірибе алмасуға, саланың өзекті мәселелерін анықтауға және оларды шешу жолдарын табуға ықпал етіп, сүтті мал шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болады.