«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС
Жаңалықтар

ДЕГРАДАЦИЯЛАНҒАН ЖАЙЫЛЫМДАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МАҚСАТЫНДА ИЗЕН ДАҚЫЛЫНЫҢ ФЕНОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУЫН БАҚЫЛАУ

«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің «Қуаңшылыққа төзімді мал азықтық дақылдары» бөлімінің қызметкерлері деградацияланған жайылымдарды қалпына келтіруге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Зерттеу жұмыстары Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, «Сералы» шаруа қожалығындағы тәжірибе алқабында жүргізілді.
Аталған зерттеу аясында ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы А. Сеиткаримов, бөлім меңгерушісі, техника ғылымдарының магистрі А. Сартаев және кіші ғылыми қызметкер А. Мырзакулов изен (Kochia prostrata) дақылының фенологиялық даму кезеңдеріне бақылау жұмыстарын жүргізді.
Бақылау барысында өсімдіктің көктеу, бұтақтану, қарқынды өсу, гүлдену және тұқым байлау кезеңдері тіркеліп, оның қуаңшылық жағдайына бейімделуі мен деградацияланған жайылымдарды қалпына келтірудегі әлеуеті бағалануда.
Изен – құрғақшылыққа жоғары төзімді, мал азықтық құндылығы жоғары көпжылдық өсімдік. Сондықтан оны деградацияланған жайылымдарға енгізу табиғи жайылымдардың өнімділігін арттыруға, өсімдік жамылғысын қалпына келтіруге және өңірдің азықтық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары жайылым экожүйелерін тиімді басқаруға, шөлейттену үдерісін төмендетуге және еліміздің тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.