Қазақстанның аграрлық ғылымының дамуына үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, селекционер-ғалым Мейрамбек Нысанбекұлы Ермаханов. Оның көпжылдық ғылыми және кәсіби қызметі мал шаруашылығымен, соның ішінде еліміз үшін дәстүрлі әрі маңызды бағыттардың бірі – түйе шаруашылығымен тығыз байланысты.
Мейрамбек Нысанбекұлы 1971 жылы 7 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында дүниеге келген. 1990–1995 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында білім алып, ветеринар дәрігер мамандығын меңгерген.
Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған ол кейін ветеринария саласында кәсіби тәжірибе жинақтады. 1997–1999 жылдары Шымкент қаласының малдәрігерлік станциясында сарапшы малдәрігер, 1999–2001 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық малдәрігерлік лабораториясына қарасты «Береке» және «Қапланбек» базарларында сарапшы малдәрігер болып қызмет атқарды. 2001–2002 жылдары Ақмола облыстық орталықтандырылған малдәрігерлік лабораториясында еңбек етті.
Мейрамбек Ермахановтың ғылымдағы жүйелі жолы 2002 жылы Оңтүстік-Батыс ғылыми-өндірістік орталығының күндізгі аспирантурасына түсуінен басталды. Осы кезеңнен бастап оның ғылыми ізденістері мал шаруашылығы, әсіресе түйе шаруашылығы саласына бағытталды.
2006–2018 жылдары Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының түйе шаруашылығы бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, аға және жетекші ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Ғылыми ізденіс пен жинақталған тәжірибе нәтижесінде 2018–2021 жылдары аталған институттың түйе шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2021–2025 жылдары «Жалғыз өркешті (дромедар) және қос өркешті (бактриан) түйе тұқымдарының» Республикалық палатасының директоры ретінде отандық түйе шаруашылығы саласының дамуына үлес қосты. Ал 2025 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Түйе шаруашылығы және өндірістік технология» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Ғалымның көпжылдық еңбегінің нәтижесі ғылыми жарияланымдарынан да көрініс табады. Мейрамбек Ермаханов – 60 ғылыми мақаланың, оның ішінде Scopus халықаралық деректер базасына енген 4 мақаланың, 6 авторлық куәлік пен 7 нұсқаулықтың авторы.
Ғалымның еңбек жолы – ветеринариялық тәжірибеден басталып, ғылыми зерттеулер мен түйе шаруашылығын дамытуға ұласқан кәсіби жол. Ғылым мен өндірістік тәжірибені сабақтастыра отырып, ол Қазақстандағы түйе шаруашылығының ғылыми негіздерін дамытуға өз үлесін қосып келеді.
Бүгінде Мейрамбек Нысанбекұлының жинақтаған тәжірибесі мен ғылыми еңбектері отандық аграрлық ғылымды дамытуға, түйе шаруашылығы саласындағы ғылыми ізденістерді жалғастыруға және ғылыми нәтижелерді өндіріспен ұштастыруға бағытталған.


