«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің бөлім меңгерушісі Сартаев Абай Ергенұлы, бас ғылыми қызметкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Әмір Сеиткаримов және аға лаборант Есман Қазыбектің қатысуымен Түркістан облысы, Арыс қаласына қарасты «Бақтыөлең» тәжірибе жайында қуаңшылыққа төзімді мал азықтық өсімдіктердің тұқымдарын жинау және фенологиялық бақылау жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу барысында буассье шытыршығы, түлкіше таспашөбі, домалақбас таспашөбі және жүзгін түрлерінің піскен тұқымдары жиналып, олардың өнімділігі мен тұқым сапасына бағалау жүргізілді.
Сонымен қатар, 2024–2025 жылдары егілген изен, теріскен, сасыр, шоған, жусан, шеркез жүзгін және сексеуіл өсімдіктеріне фенологиялық бақылау жүргізіліп, олардың өсуі мен дамуының негізгі кезеңдері тіркелді. Бақылау нәтижелері аталған дақылдардың қуаңшылық жағдайына бейімделу ерекшеліктерін анықтауға және табиғи жайылымдарды жақсарту бағытындағы ғылыми зерттеулерді жетілдіруге мүмкіндік береді.
Аталған жұмыстар өңірдің деградацияланған жайылымдарын қалпына келтіру, мал азығы қорын молайту және климаттық өзгерістер жағдайында тұрақты мал шаруашылығын дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.


