Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты-нда кезекті Ғылыми кеңес отырысы өткізілді. Кеңес барысында ғылым мен өндірісті дамытуға бағытталған өзекті мәселелер қарастырылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру және алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.
Ғылыми кеңестің қорытынды бөлімінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы академигі Сыдық Досымбек Алмаханбетұлының 75 жас мерейтойына арналған салтанатты құттықтау рәсімі өтті.
Мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан арнайы құттықтау табысталып, сондай-ақ Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы КеАҚ Басшылығының құттықтау хаты ұсынылды. Сонымен қатар институттың Басқарма Төрағасы Сәкен Асылханұлы арнайы құттықтау қағазын табыстап, мерейтой иесіне зор құрмет көрсетті.
Іс-шара барысында институт ұжымы мен Досымбек Алмаханбетұлының тәрбиесін көрген шәкірттері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, арнайы сый-сияпаттарын табыстады. Мерейтой иесіне ғылым саласындағы көпжылдық жемісті еңбегі, отандық аграрлық ғылымның дамуына қосқан зор үлесі және білікті мамандар даярлаудағы елеулі қызметі үшін алғыс айтылып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыстар тіленді.



