«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС

Филиалдар – Атырау және Шалқар

admin

Өсімдіктер генетикалық қорының

Н.И.Вавилов атындағы тәжірибе станциясы     

 Филиал директоры

ЕСПАНОВ АЛДАБЕРГЕН МАХАНБЕТ-АЛИҰЛЫ

       Арал өңірі тәжірибе станциясы, қазіргі атауы «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы – өсімдіктер генетикалық қорының Н.И.Вавилов атындағы Арал өңірі тәжірибе станциясы, 1933 жылдың  наурыз айының 15-інде шөлейтті жерлерді игеру мақсатындағы тәжірибе станциясы ретінде құрылды.

    1934 жылдың шілде айында академик Н.И.Вавиловтың нұсқауымен Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты (БӨШҒЗИ, Ленинград қаласы) құрамына енді. Станция БӨШҒЗИ құрамында шөлейтті солтүстік құмды аймақ климат жағдайында дүниежүзілік мәдени өсімдіктер коллекциясын зерттеу және олардың жабайы туыстарын құрғақшылыққа-, шөлге-, суыққа-, тұзға төзімділігін анықтау негізінде табиғи далалық лаборатория есебінде маңызды орын алды. Тәжірибе станциясы Солтүстік Аралмаңында, Ақтөбе облысы, Шалқар қаласы Ұлы Борсық құмының солтүстік-батыс етегінде орналасқан. КСРО көлемінде шөлейтті аймақтың құмақ топырағын игеру мақсатында бірінші және жалғыз станция болды.

    Ғалымдар Е.А.Малюгин және М.С.Коликов станцияны алғаш құрушылар болды және оларға Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры А.Г.Гаель үлкен көмек көрсетті. Станцияның құрылған күнінен бастап БӨШҒЗИ-дың шөлейтті жерлерді игеру Бюросының аға ғылыми қызметкері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Евгений Александрович Малюгин 12 жыл бойы директорлық қызмет атқарды.

     Станцияда мал азықтық, астық тұқымдас, көкөністік дақылдар және  ауылшаруашылық шөлейттік жерлерді игеру лабораториялары жұмыс істеді. Ғылыми – зерттеу жұмыстары Қауылжыр, Лайғақ, Шилі учаскелерінде жүргізілді.

           Негізгі далалық зерттеу орталығы болып Қауылжыр учаскесі есептеледі және орталықтан 7 км жерде орналасқан. Учаскенің ауданы 170 га, оның ішінде суармалы жерлері – 35 га. Өсімдік қоры құрғақ тәлімі жерде және суармалы танаптарда зерттелді.

       Ауылшаруашылық дақылдарының, соның ішінде жоңышқаның –    Тибетская, Приаральская, еркекшөптің – Актюбинский узкоколосый және Актюбинский ширококолосый, картоптың – Подарок Родине және Новинка пустынный, пияздың – Золотой шар, қиярдың – Челкарские, қызынақтың – Пятидесяти-дневный, қонақжүгерінің – Сахарное 150, африкалық тарының – Приаральское, тарының – Берсиевское, Ашамбаевское, Уильское местное және Гвардейское сорттары шығарылды.

      Шиелі учаскесі орталықтан 9 км жерде орналасқан және аумағы – 115 га. Осы учаскеде көкөніс, мал азықтық, жеміс-жидек дақылдарын зерттеу траншеяда қолдан суару әдісінсіз жүргізілді. Қолданылған траншеялардың  саны 300-ден астам болды.

     Суарылмайтын Лайғақ учаскесі орталықтан 18 км жерде орналасқан, аумағы-320 га. Бұл учаскеде негізінен шөлейттік өсімдіктер тәлімі жерде зерттелді.

    Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін станция Қазақстанның ауылшаруашылық ғылым академиясының қарауына өтті, ал 1996 жылы Ұлттық аграрлық зерттеу академиялық орталығының құрамына енді. 2003 – 2008 жылдары Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы Министрлігіне қарасты “Оңтүстік-Батыс ауылшаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында, 2008 жылдан бастап серіктестіктің атауы өзгертіліп, «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы ретінде жұмыс жасап келеді.

      1990 жылы станциядағы ауылшаруашылық өсімдіктерінің коллекциясында 1706 сорт үлгілері болса, ал қазіргі уақытта 8718 сорт үлгілері сақталуда.Оның ішінде малазықтық дақылдар – 5190 үлгі, көкөніс дақылдары – 1200, астық тұқымдас дәнді дақылдар – 2328.

     Коллекцияда ауылшаруашылық дақылдарының географиялық алуантүрлілігі кеңінен қамтылған. Яғни әлемнің 80 елінен үлгілер кездеседі. 2641 үлгі (30,3%) европалық елдерден, соның ішінде Ресей үлгілері көп кездеседі, 5129 үлгі  (58,8%) азия мемлекеттерінен, осыған Қазақстанның жергілікті және селекциялық сұрыптары кіреді. Солтүстік Америка құрлығының 3 мемлекетінен 478 үлгі (5,5%), Африка құрлығының 22 елінен 255 үлгі (2,9%), Оңтүстік Американың 10 елінен 168 үлгі (1,9%) корллекцияда кездеседі. Сонымен қатар Австралия құрлығының 47 үлгісі (0,6%) бар.

Соңғы жылдары Н.И.Вавилов атындағы өсімдіктер генетикалық қорының Арал өңірі тәжірибе станциясында атқарылған жұмыстар:

     90 жылдан аса тарихы бар Н.И.Вавилов атындағы өсімдіктер генетикалық қорының Арал өңірі тәжірибе станциясы – еліміздің ауылшаруашылығы ғылымы саласының өркендеуінде өзінің үлесі бар ғылыми мекеме. Мекемеде 3 жоғары білімді ғылыми қызметкер, 1 лаборант жұмыс жасайды. Станция алдағы уақытта да өзінің ғылыми жұмыстарының көлемін ұлғайтып, Мемлекеттік қабылданған “Агроөнеркәсіп кешені саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер” бағдарламасы  аясында жұмысын жалғастыра бермек.

        Қазіргі таңда станцияда әлемнің 70 елінен 8718 сорт үлгілілері сақталуда. Әлемдік өсімдіктердің гендік қоры және экспедициялық жинау мен шетелден ғылыми алмасу арқылы алынған сорт үлгілері станцияда терең және жан-жақты зерттеліп, олардың құрғақшылыққа-, суыққа-, ыстыққа-, тұзға төзімділігіне, және өнімділігіне баға беріледі. Станция соңғы 10 жылда 1260  сорт үлгілерді зерттеп, нәтижесінде ерекшеленген 217-ден астам сорт үлгілері еліміздің басқа ғылыми мекемелеріне селекцияға пайдалану үшін жіберілді. Он жылда экспедициялық жинау нәтижесінде өсімдіктердің гендік қоры 388 ауылшаруашылық үлгілерімен толықтырылды.

       Станция жердің құнарсыздығын жою мақсатында еліміздің облыс орталықтарының сұранысы бойынша изен және теріскен өсімдіктерінің тұқымын жіберді. Шалқар қаласын және ауыл аймақтарын көгалдандыру жұмыстарына қажетті ағаш көшеттерін дайындап, егу жұмыстарын жүргізіп, жылма-жыл ауданымыздың жасыл желектенуіне де өзінің үлесін қосып келеді.

          Сонымен қатар, соңғы уақытта өзекті болып отырған мәселердің бірі – елді мекендер мен ауыл-аймақтардағы көшкін құмдарды тоқтату үшін қажетті ағаш, бұта көшеттерін өсіру, жалаңаштанған құмдар мен деградацияға ұшыраған жайылымдықтарды қалпына келтіру үшін арнайы зерттелген өсімдік түрлерінің тұқымын өсіру жұмыстарымен де айналысып келеді.

       Станция 2024 жылдан бастап 2 ғылыми жоба бойынша зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Ғылыми-техникалық бағдарламасына сәйкес бірінші жоба «Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің гендік қорын толықтыру, құнды белгілердің көздерін анықтау және генетикалық ресурстардың интродукциялық әлеуетін кеңейту мақсатында мал азығы дақылдарының коллекциясын жұмылдыру, зерттеу, сақтау», екінші жоба  «Бұршақ- дәнді шөп қоспаларын зерттеу және шөлейт дақылдарының шөп қоспаларының өнімділігін бағалау».  Екінші жыл зерттеу жұмыстары жалғасуда.