«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС
Жаңалықтар

Қуаңшылыққа төзімді мал азықтық өсімдіктердің тұқымын Тассай тәжірибе жайына себу жұмыстары

Қуаңшылыққа төзімді мал азықтық дақылдардың тұқымдарын себу жұмыстары «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-не қарасты «Тассай» тәжірибе алаңында жүргізілді.
Аталған жұмыстар 2024–2026 жылдарға арналған Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі жоба іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылды. Себу жұмыстары «Қуаңшылыққа төзімді мал азықтық дақылдар» бөлімінің меңгерушісі А. Сартаевтың жетекшілігімен, бөлім қызметкерлерінің қатысуымен орындалды.
Тәжірибе алаңында вайда Буассье, эспарцет, жусан, изен, теріскен, шоған, қараматау секілді дақылдардың тұқымдары себілді.
Себу жұмыстары Институттың генетикалық қорларын сақтау және жаңарту мақсатында ұйымдастырылды. Тұқым материалдары Арал өңіріндегі Н. Вавилов атындағы Шалқар тәжірибе бекетінің қорынан, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан, сондай-ақ Түркістан облысының шөл және шөлейт аймақтарына жүргізілген экспедициялар нәтижесінде алынды.
Алдағы кезеңде қуаңшылыққа төзімді мал азықтық дақылдардың генетикалық қорларын сақтау және толықтыру бағытындағы жұмыстарды кеңейтілген ауқымда жалғастыру жоспарлануда.