
Бүгін «ОБМӨШҒЗИ» ЖШС-да Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституция жобасына арналған талқылау өтті. Іс-шара қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылып, оған институт қызметкерлері мен ғылыми орта өкілдері қатысты.
Жиын барысында негізгі баяндаманы «ОБМӨШҒЗИ» ЖШС заңгері С. Ибадуллаев жасады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия дайындаған жаңа «Ата заң» жобасының негізгі бағыттарына тоқталды. Құжатты әзірлеу кезінде азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктер мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстар ескерілгені атап өтілді.
Жаңа Конституция жобасында елеулі өзгерістер қарастырылған. Құжат преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Бұл қолданыстағы Конституция нормаларының басым бөлігін қайта қарауды және мазмұны жағынан жаңартылған негізгі заң үлгісін қалыптастыруды көздейді.
Талқылау кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұсынған қағидаттарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, адами капиталды дамыту, ғылым мен инновацияны мемлекеттің басым бағыты ретінде айқындау, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық деп тану мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар жиында саяси жүйені жетілдіру, құқықтық институттарды нығайту, әлеуметтік және экологиялық ұстанымдарды дамыту тақырыптары қозғалды.
Қатысушылар Конституция жобасын талқылау үдерісіне ғылыми қауымдастықтың белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.

