«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС 2025 жылғы 18 маусымда Басқарма төрәйымы Ш. С. Қосқараеваның басшылығымен Мал шаруашылығы және ветеринария институтының директоры, профессор Люй Гуйфэн бастаған Қытай Халық Республикасының Шандун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының делегациясын қабылдады. Бұл делегация құрамында тағы да ғылыми топтың жетекшісі, профессор Тян Кэчуан, профессор Чжан Гопин және профессор Чен Вэй болды.
Кездесуге Түркістан облысының Ветеринария басқармасының зоотехник-селекционері (Б. Керімжанов), М. Әуезов атындағы ОҚМЗУ (Н. Әлібаев), «Бір өркешті (дромедар) және екі өркешті (бактриан) түйелер тұқымы» республикалық палатаның (М. Ермаханов) және «Селекциялық орталық» ЖШС (Б. Айнабеков, И. Адиханов) өкілдері де қатысты.
Кездесу және келіссөздер барысында аграрлық сектордың өзекті мәселелері мен проблемалары, оларды шешу жолдары және мал шаруашылығы мен ветеринария, өсімдік шаруашылығы мен егіншілік және аграрлық ғылымның басқа да басым бағыттары саласында бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.
Тараптар одан әрі ынтымақтастық жолдары және Қазақстанның аграрлық өндірісін дамытудың тиімділігін қамтамасыз ететін аграрлық ғылым саласындағы бірлескен жобаларды дайындау тетіктері туралы уағдаласты. (19.06.2025 ж.).



